Сурет: parlam.kz
Қазақстан азаматтары 2028 жылдан бастап Оңтүстік Кореяда ресми түрде еңбек ету мүмкіндігіне ие болады. Бұл туралы екі елдің тиісті министрліктері Employment Permit System (EPS) жүйесін енгізу жөнінде келісімге қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Аталған уағдаластық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары кезінде жасалды. Бағдарламаға қатысушы ел азаматтарына үш жылға дейінгі мерзімге E-9 жұмыс визасы беріледі. Қажет болса, оның уақытын төрт жыл 10 айға дейін созуға болады.
Қазақстандықтар Кореяда өндіріс, құрылыс, ауыл және мал шаруашылығы, балық аулау мен қызмет көрсету салаларында жұмыс істей алады. EPS жүйесі арқылы жұмысқа орналасу екі мемлекет арасындағы еңбек көші-қонын заңды түрде реттеуге және ел азаматтарына Кореяда ресми еңбек етуге жол ашады.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Сапар барысында Президент Корея Президенті Ли Чжэ Мёңмен және бірқатар компания басшыларымен кездесу өткізді.
