Қоғам

Астанада автосалон менеджері 6 жылға бас бостандығынан айырылды

Сурет: istockphoto.com

Астанада автодилерлік компанияның сату бөлімінің менеджері сегіз көлікті заңсыз сатып, үш көлік үшін ақша алып, оларды бермегені үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының мәліметінше, менеджер жалған құжаттар жасап, жалпы құны 53,1 миллион теңге болатын сегіз JAC J7 автокөлігін алып шығып, сатқан. Бірақ сатып алушылардан түскен ақшаны кәсіпорын кассасына өткізбеген.

«Бұдан бөлек, қаңтар айында ол сатып алушыға осы маркадағы үш автокөлікті төмендетілген бағамен сатып алуды ұсынған. Алайда бастапқыдан-ақ міндеттемелерін орындауға ниеті болмаған. Сатып алушыдан 16,5 миллион теңге алғанымен, автокөліктерді оған бермей, ақшаны өз қалауынша жұмсаған. Жалпы шығын 69,6 миллион теңгені құрады», делінген сот хабарламасында.

Прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қорғаушы тарап ең төменгі жаза тағайындауды және бірінші эпизодты қаражатты иемдену емес, алаяқтық ретінде қайта саралауды өтінді.

«Сот бірінші эпизод бойынша қаражатты иемдену әрекетін алаяқтық ретінде қайта саралады. Себебі автокөліктер сотталушыға сеніп тапсырылмаған. Ол көліктерді материалдық жауапкершілікке қабылдамаған, олардың сақталуына жауап бермеген және сатып алушыларға көліктерді өз бетінше сату немесе беру өкілеттігіне ие болмаған», делінген хабарламада.

Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының кінәсін мойындап, өкінгенін, кәмелетке толмаған баласының бар екенін және бұрын сотталмағанын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Алты жылға бас бостандығынан айыру жазасынан бөлек, сот оған коммерциялық ұйымдарда тауарлар мен қызметтерді сатуға байланысты лауазымдарды сегіз жыл бойы атқаруға тыйым салды. Сондай-ақ жәбірленушілердің келтірілген шығынды өтеу туралы азаматтық талаптарын қанағаттандырды.

Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Бұған дейін Астанада тағы бір автосалон менеджері үш жыл төрт айға бас бостандығынан айырылған болатын. Ол клиенттердің автокөліктерін сатып, 23 миллион теңгені өзіне қалдырған.

Ал басқа бір іс бойынша автосалон директоры алты сатып алушыны алдағаны үшін 6 жыл 8 айға сотталған. Ол Қытайдан автокөлік әкеліп беруге уәде етіп, клиенттердің ақшасын жеке қажеттіліктеріне жұмсаған. Келтірілген шығын 128 миллион теңгеден асқан.

Көп оқылғандар