Сурет: Туризм және спорт министрлігі
Бүгін Астанадағы «Барыс Аренада» жүзуден «Жібек жолы» сериясы шеңберінде әлем кубогінің кезеңі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Алғашқы жарыс күнінің іріктеу қорытындысы бойынша Қазақстанның үш спортшысы кешкі финалға жолдама алды. Айбат Мырзамұратов екі бағдарламада жүлде үшін сынға түседі. Ол 50 метрге брасс әдісімен жүзуде 26,57 секунд, ал 200 метр қашықтықта 1 минут 57,50 секунд нәтиже көрсетті.
Егор Попов 100 метрге еркін стильмен жүзуде 47,82 секунд нәтижемен финалға өтті. Софья Сподаренко 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде мәреге 25,97 секундта жетіп, Қазақстан рекордын жаңартты. Бұған дейінгі рекорд та өзіне тиесілі болатын (26,06 секунд).
Спорт дирекциясы баспасөз қызметінің мәліметінше, финал бүгін Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады.
Жарысқа әлемнің 40-қа жуық елінен 300-ден астам спортшы қатысады. Олардың арасында Олимпиада чемпиондары мен қазіргі рекорд иелері де бар.
Мазмұнға өту
