Сурет: @KZgovernment
Қазақстанда сегіз айдағы ЖІӨ-нің нақты өсімі 4,1%-ды құрады. Бұл көрсеткіш үш ай қатарынан сақталып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штаб отырысы өтті. Онда сегіз айдың жедел қорытындысы талқыланды.
Экономиканың өсуіне шикізаттық емес сектордың тұрақты динамикасы тірек болып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 8,4%-ға ұлғайды. Ең жоғары қарқынды машина жасау (21,2%), тамақ өнімдерін өндіру (12,9%), химия өнеркәсібі (27,3%), құрылыс материалдарын өндіру (7%), дайын металл бұйымдары (33,3%), резеңке және пластмасса бұйымдары (+18,5%), жеңіл өнеркәсіп (+70,4%) және фармацевтика (38,9%) көрсетті.
Жалпы өнеркәсіптік өндіріс 2,6%-ға артты. Құрылыста (15,6%), көлік және қоймалауда (7,3%), саудада (6%), ауыл шаруашылығында (5,2%) және байланыста (4,4%) айтарлықтай өсім байқалады.
Штаб отырысында өңдеу өнеркәсібінің негізгі салаларындағы жағдай жан-жақты қаралды.
Металлургияда кәсіпорындар бүгінде 90–100% жүктемемен жұмыс істеп отыр. Соған қарамастан қара металлургияда шойын мен болат өндірісін ұлғайту есебінен өндіріс 2%-ға өсті.
Сегіз айда машина жасау 21,2%-ға өсті. Жоғары динамика автоөнеркәсіп есебінен (+27,7%) қамтамасыз етілді, оның ішінде жеңіл автомобиль, автобус, жүк және арнайы техника өндірісі бар.
Жылжымалы құрам өндірісінде жолаушылар вагоны мен платформалар шығарылымы айтарлықтай ұлғайғанымен, жартылай жүк вагондары мен локомотив өндірісі төмендеді. Серік Жұманғарин төмендеу себебін жете түсініп, машина жасаудың өсу қарқынын сақтау мүмкіндігін анықтау үшін арнайы жиналыс өткізуді тапсырды.
«Металлургия өңдеу өнеркәсібінің 40%-ынан көбін қамтиды. Сондықтан металлургиядағы өсу қарқыны өңдеудің өсуі үшін ерекше маңызға ие. Өңдеу саласындағы екінші орындағы үлесі бойынша машина жасау динамикасын сақтау маңызды. Бұл бағыт жыл соңына дейін айрықша назарда болады», деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Ауыл шаруашылығында үшінші ай қатарынан белсенді өсу қарқыны байқалады: сегіз айда 5,2% (қаңтар–шілдеде 5%, қаңтар–маусымда 4,4%). Мұндай динамика жиын-терім науқанының қызуы мен егіннің пісуі сияқты маусымдық факторға байланысты. Азық-түлік өндірісінде де 12,9% айтарлықтай өсім тіркелді.
Мұнай-газ саласында мұнай өндіру көлемі біртіндеп қалпына келе бастады. Сегіз айдағы НКИ 91,6%. 2026 жылғы қаңтар–шілдеде 91,1%, 53,2 млн тоннаға қарсы 61,7 млн тонна мұнай өндірілді.
2026 жылғы мұнай өндірудің түзетілген болжамы 96 млн тонна. Бұл 91,6% НКИ-ға сәйкес келеді.
