Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі
13–16 қазан аралығында Индонезияның Джакарта қаласында ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында құжаттық мұраны сақтау мен насихаттауға арналған халықаралық оқу семинары өтіп жатыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Азия-Тынық мұхиты аймағының 16 елінен 29 өкіл мен бақылаушы қатысып отырған жиында Қазақстанды ҚР Ұлттық кітапханасы Ақпараттық ресурстар қызметінің басшысы Толқын Замзаева өкілдік етуде.
Семинар бағдарламасы халықаралық сарапшылардың дәрістері мен практикалық сабақтарын қамтиды. Қатысушылар құжаттық мұраны сақтаудың әдістерін, номинациялық өтінімдерді дайындау тәртібін және құжаттарды ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» халықаралық тізіліміне қосу шарттарын үйренуде.
Жиында әр елдің осы саладағы тәжірибесі мен ұлттық жобаларына ерекше көңіл бөлінді. Қазақстандық өкіл халықаралық сарапшыларға құжаттық мұраны сақтауға бағытталған отандық жобаларды таныстырды.
Айта кетейік, Президент төл мәдениетіміздің аясын кеңейтіп, ұлт руханиятына өшпес із қалдырған дара тұлғалардың мұрасын дәріптеуге айрықша назар аударылып жатқанын, еліміздің жылнамасын түгендеп, Ұлы дала тарихы мен Алтын Орда дәуірін терең зерттеп жатқанын айтқан болатын. Биыл 22 жылға созылған үзілістен кейін Қазақстанның бірқатар киелі нысаны ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізілді. Бұл тізімге Маңғыстау облысындағы бірегей нысандар да қосылды.
Сонымен қатар Euronews Қазақстанның ЮНЕСКО мұрасына енген тарихи жерасты мешіттерін таныстырғанын атап өтейік.
Мазмұнға өту
