Сурет: денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстан медицинасының күндері аясында А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары Бішкектегі Қ. Рысқұлова атындағы Бірінші қалалық клиникалық аурухана базасында бірлескен күрделі операциялар жасады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Операцияларды шағын тіліктер арқылы жүргізуге мүмкіндік беретін технологияларға ерекше көңіл бөлінді. Бұл хирургиялық араласудың жарақаттылығын азайтып, пациенттердің тезірек қалпына келуіне жағдай жасайды.
Сонымен қатар қазақстандық дәрігерлер білім беру дәрістері мен мастер-кластар өткізіп, ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін таныстырды. Әріптестерімен пациенттерді қадағалап-қарау бойынша практикалық тәжірибе алмасты.
Кәсіби тәжірибе алмасудың тағы бір алаңы Бішкектегі Ұлттық онкология және гематология орталығы болды. Мұнда «Асқазан-ішек жолындағы ісіктерді диагностикалау және емдеудегі заманауи эндоскопиялық шешімдер» тақырыбында халықаралық мастер-кластар өтті.
Қазақстан мен Қырғызстан мамандары асқазан-ішек жолы ауруларын эндоскопиялық диагностикалау мен аз инвазивті емдеудің заманауи мүмкіндіктерін, оның ішінде жаңа технологияларды практикалық қолдану мәселелерін қарастырды.
Қырғыз Республикасындағы Қазақстан медицинасының күндері, ең алдымен, тәжірибе алмасуға бағытталған. Екі елдің мамандары пациенттермен бірлесіп жұмыс істеп, операциялар жүргізіп, заманауи медициналық технологияларды меңгеруде.
