Сурет: Ақорда
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 7-саммиті аясында Бакуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль Президенті Ицхак Герцогпен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында екі ел басшылары Қазақстан-Израиль қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа назар аударылып, маңызды бағыттар бойынша өзара іс-қимылдың перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ицхак Герцогтің сәуір айында Астанаға жасаған сапары екіжақты байланыстарды нығайтуға айтарлықтай серпін бергенін атап көрсетті.
Израиль Президенті Қазақстанға сапарын ризашылықпен еске алды. Оның пікірінше, еліміздің көптеген салада қол жеткізген табыстары екіжақты ықпалдастықты ілгерілетуге жол ашады.
Ицхак Герцог Қазақстанның Бейбітшілік кеңесіне қосылуын құптап, бұл қадам бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға қосылған зор үлес екенін атап өтті.
Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, соның ішінде Таяу Шығыстағы ахуалды талқылады.
Мемлекет басшысы шиеленісті бәсеңдетіп, қақтығыстарды дипломатиялық құралдар арқылы реттеу қажеттігін жеткізді және Қазақстанның осы қағидатты берік ұстанатынын айтты.
Еске сала кетейік, 14 қазанда Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Бакуге барды.
Мазмұнға өту
