Басты тақырып

Жетісу облысында биыл 4600 отбасы баспаналы болады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Жетісу облысында тұрғын үй құрылысы қарқын алып, жаңа пәтерге қол жеткізген отбасылар саны жыл сайын артып келеді. Былтыр өңірде 3284 отбасы баспаналы болса, биыл 4600 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың айтуынша, халықты баспанамен қамту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық беріледі. Осы орайда Ақсу ауданында да жүйелі жұмыс атқарылып жатыр.

«Жансүгіров және Қапал ауылдарында 40 жеке тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін олар пайдалануға беріледі. Баспана кілтін алу – жай ғана жаңа үйге қоныстану емес, әр отбасының ертеңгі күнге деген сенімін нығайтатын қуанышты сәт. Жетісуда жүзеге асырылып жатқан тұрғын үй бағдарламаларының түпкі мақсаты да осы – халықтың әл-ауқатын арттырып, жайлы өмір сүруіне жағдай жасау», деді облыс әкімі Бейбіт Исабаев.

Өткен жылдың мамыр айынан бастап тұрғын үй беру функциясы «Отбасы банкке» берілген. Соған сәйкес биыл ауданда кезекте тұрған азаматтарға 116 баспана тапсырылады. Оның 60-ы көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер болса, 56-сы жеке тұрғын үй.

Жалпы, кейінгі үш жылда Ақсу ауданында 297 отбасы қолжетімді баспанаға ие болды. Жаңа қоныстар Жансүгіров, Қапал, Есеболатов, Алтынарық, Сағабүйен ауылдарында берілді. Бұл – ауылдық елді мекендердің әлеуметтік әлеуетін арттырып, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған қадамдардың бірі.

Биыл баспана бақытына кенелгендердің қатарында Жансүгіров ауылының тұрғыны Гүлнара Сабырбаева да бар. Көптен күткен қуанышына қол жеткізген ол жаңа пәтерінің жайлылығына ризашылығын білдірді.

«Биыл жеке пәтеріме қол жеткіздім. Жарық, кең, сапалы баспана. Отбасымызда осындай қуанышты сәттің болғанына өте ризамын. Баршаға, әсіресе жас отбасыларға осындай қуаныш тілеймін», деді ол.

Мемлекет басшысының әлеуметтік саясаттағы басымдықтарымен үндескен мұндай игілікті істер ауыл мен қаланың ажарын ашатыны анық.

Көп оқылғандар