Жайық news

Оралда Idea Battle by Batys Hub білім жобаларының жеңімпаздары анықталды

Сурет: Жайық Пресс

Оралда Batys Hub ұйымдастырған Idea Battle for Education байқауының финалы өтіп, үздік білім беру жобалары анықталды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Байқауға 53 өтінім түсіп, оның 11-і финалға жолдама алды. Қатысушылар экзаменге дайындық, қаржылық сауаттылық, жасанды интеллект, робототехника және цифрлық қауіпсіздік бағыттарында жобаларын ұсынды. Әр презентацияға үш минут, сұрақ-жауапқа екі минут берілді.

Финалда AI Exam Coach, Botaqan, ENTprep, Fingram, Jetistik AI, Lesson Engine, MedShift, MylevelUP, NIS Hub, QauipsizNet және RoboHub командалары бақ сынасты. Қазылар алқасында Оқушылар сарайы директорының орынбасары Гульмирам Кенжегарина, педагог-зерттеуші, магистр Айсулу Мергенбаева және Tomorrow School Uralsk жетекшісі Райымбек Рашитов болды.

Бірінші орынды робототехника, инженерлік ойлау және жасанды интеллектіні біріктіретін RoboHub жобасы иеленді. Жоба авторы Нұрбақыт Мендешқызының айтуынша, платформа оқушыларды дайын шешімдерді қайталамай, мәселелерді өз бетінше зерттеп, нақты инженерлік сын-қатерлерге жауап іздеуге үйретеді.

– Платформа оқушыларға жасанды интеллект көмегімен идеялар генерациялауға, өз роботтарын жасап, сынақтан өткізуге, инженерлік шешімдер табуға мүмкіндік береді. Бізге балалардың дайын нұсқаулықтармен шектелмей, ойлауға, тәжірибе жасауға және өз ойларын жүзеге асыруға үйренуі маңызды, – деп түсіндірді Нұрбақыт.

Екінші орынды 7-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдердің цифрлық қауіпсіздігіне арналған QauipsizNet жобасы жеңіп алды. Оның авторы – Бакберген Амангельдиев. Қазақ тіліндегі платформа интерактивті сабақтар, ойындар, тесттер және цифрлық терминдер сөздігін біріктіреді. Балалар жеке деректерді қорғауды, фишинг пен дипфейкті тануды, кибербуллингке қарсы тұруды және құмар ойындарға байланысты тәуекелдерден аулақ болуды үйренеді. Мұғалімдерге арналған құралдар да қарастырылған.

Үшінші орынды жасанды интеллект негізіндегі Jetistik AI цифрлық платформасы иеленді. Оның авторы – Рамир Машакаев. Жоба білім беру ұйымдарында оқу процесінің бір бөлігін автоматтандыруға, күнделікті тапсырмаларға кететін уақытты қысқартуға және әр оқушының әлеуетін ашуға бағытталған.

Көп оқылғандар