Сурет: Жайық Пресс
Ақтөбеден шыққан үш жас бір ротада әскери борышын өтеп жүр. Олар бұған дейін бірге фельдшер мамандығын меңгерген еді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Раймбек Абдрахманов, Ерсултан және Ердаулет Бопай-ханым атындағы жоғары медициналық колледжде оқып, танысқан. «Фельдшер» мамандығы бойынша білім алған соң, достар колледжден кейін де бірге болуды ұйғарып, әскерге бірге баруды шешті. Бұл бастаманы Раймбек ұсынған. Ол әлеуметтік желілерде достардың бірге әскери борышын өтеуі туралы әңгімелерді жиі кездестірген. Осы мысалдар оны жолдастарына осындай тәжірибені қайталауды ұсынуға шабыттандырды. Ерсултан мен Ердаулет бастаманы қолдап, көп ұзамай үшеуі Орал қаласына келді.
«Соңғы кездері достардың бірге әскерге баруы туралы жарияланымдар жиі кездесетін. Мен Ерсултан мен Ердаулетке бірге қызметке баруды ұсындым. Олар келісті. Осылайша үшеуміз 5517 әскери бөліміне келдік. Қазір бір ротада, бір взводта қызмет етеміз», — дейді Раймбек Абдрахманов.
Бүгінде кешегі студенттер әскери тәртіпке үйреніп, жауынгерлік дайындық сабақтарына қатысып, әскери дағдыларды меңгеруде. Оларға өзара қолдау мен берік достық қана емес, азаматтық борышын лайықты өтеу деген ортақ мақсат та көмектесіп жүр. Үш дос үшін әскери қызмет ортақ жолдың жаңа кезеңіне айналды. Енді оларды оқу жылдары мен студенттік естеліктер ғана емес, әскери бауырластық, тәртіп және ортақ іс үшін жауапкершілік те біріктіреді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
Мазмұнға өту
