Әлем

Қазақстан цифрлық даму рейтингінде 65-орынға тұрақтады

Сурет: ЖИ иллюстрация

Қазақстан 2025 жылғы Network Readiness Index халықаралық рейтингінде 127 елдің ішінде 65-орынға ие болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Осылайша Орталық Азия мемлекеттері арасында Қазақстан үздік нәтиже көрсетті. Рейтингте Өзбекстан 46,5 балмен 72-орынға, Қырғызстан 42,4 балмен 90-орынға жайғасты. Тәжікстан мен Түрікменстан рейтингке енгізілмеген.

Әлемдік рейтингте АҚШ 79,1 балмен бірінші орынға шықты. Финляндия 75,8 балмен екінші, Сингапур 75,5 балмен үшінші орында.

Network Readiness Index елдердің цифрлық даму деңгейін 53 көрсеткіш бойынша бағалайды. Олар технологиялар, адамдар, басқару жүйесі және цифрландырудың экономика мен қоғамға ықпалы секілді төрт бағытты қамтиды. Қазақстан мемлекеттік цифрлық қызметтерді дамыту және цифрлық ортаны реттеу бағыттарында жоғары көрсеткішке қол жеткізген.

Бұған дейін Қазақстан World Population Review ұйымының 2026 жылғы Most Powerful Countries рейтингісінде 100 елдің арасында 34-орынға ие болған еді.

Көп оқылғандар