Әлем

Данияда 8 млн тұрғынның дерегі «123456» паролінен тарады

Сурет: istockphoto.com

Данияда 8 миллион тұрғынның жеке мәліметтерінің сыртқа шығуына «123456» деген қарапайым пароль себеп болған. Бұл туралы Politiken басылымы жазды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік дерекқорға заңды негізде кіре алатын IT-компанияның кемінде үш аккаунты осы парольмен қорғалған. Солардың қатарында әкімшінің есептік жазбасы да болған.

Рұқсатсыз кіру мүмкіндігі шамамен 22 күнге созылған.

Кибершабуыл жасады деген күдікке ілінген адам деректерді сатуды не жариялауды жоспарламайтынын айтқан. Сонымен қатар полиция қудаламайтынына кепілдік берілсе, Данияның IT қауіпсіздігін нығайтуға көмектесуге дайын екенін білдірген.

Айта кетейік, елімізде жұмыс орнында киберсауаттылық бойынша тест тапсырылатын болады. Цифрлық даму министрлігі Еңбек кодексіне түзетулер әзірлеп жатыр. Өзгерістерге сәйкес, барлық мемлекеттік және жекеменшік ұйымдар жаңа қызметкерлерге киберсауаттылық бойынша оқыту жүргізуге міндетті болады.

Көп оқылғандар