Жайық news

Бөрлі ауданында «Эко Battle: Қазақша Quiz» зияткерлік ойыны өтті

Сурет: Жайық Пресс

«Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында Бөрлі ауданында жастардың экологиялық мәдениеті мен сауаттылығын арттыруға бағытталған «Эко Battle» жобасы жүзеге асты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жоба шеңберінде жастар арасында қазақша «Quiz» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау саласындағы білімдерін кеңейту, табиғи ресурстарға ұқыпты қарау дағдыларын дамыту және қоршаған ортаны сақтауға жауапкершілікті арттыру. Сонымен қатар, іс-шара қатысушылардың зияткерлік қабілеттерін дамытуға және өзекті экологиялық мәселелерді талқылауға жағдай жасауға бағытталды.

Зияткерлік ойын алты турдан тұрды. Жарысқа ауданның сегіз командасы құрамында 40 белсенді жас қатысты. Қатысушылар қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және экологиялық қауіпсіздік салаларындағы білімдерін сынады. Ойын барысында командалар эрудиция, тапқырлық, командалық жұмыс дағдылары және жылдам шешім қабылдау қабілеттерін көрсетті.

«Бөрлі ауданы жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы» КММ басшысы Ардақ Сәкенқызы экологиялық айлық аясында сенбіліктермен қатар зияткерлік іс-шараларды өткізудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай бастамалар жастардың экологиялық сауаттылығын арттырып, табиғатқа жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді.

«Экологиялық мәдениет тек тазалықты сақтаумен немесе сенбіліктерге қатысумен шектелмейді. Ең алдымен, ол адамның табиғатқа жауапкершілікпен қарауынан және күнделікті өмірде қоршаған ортаға ұқыптылық танытуынан көрінеді. Сондықтан экологиялық айлық аясында біз дәстүрлі сенбіліктермен қатар жастардың ой-өрісін кеңейтуге және білімін тереңдетуге бағытталған зияткерлік жарыс ұйымдастыруды маңызды деп санадық. Мұндай бастамалар жастардың экологиялық мәселелерге қызығушылығын арттырып, табиғатты қорғауға саналы көзқарас қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Ардақ Сәкенқызы.

Іс-шара соңында белсенді қатысушыларға дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Көп оқылғандар