Сурет: istockphoto.com
Қазақстан халықаралық экономикалық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 38-орынға тұрақтады. Осылайша, еліміз ТМД кеңістігіндегі елдердің ішінен үздік нәтиже көрсеткен жалғыз мемлекет атанды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл деректерді Швейцарияның IMD World Competitiveness Center орталығы жариялаған жаһандық зерттеу қорытындысы растайды. Жыл сайынғы зерттеуге әлемнің 70 елі қатысып, олардың экономикасы төрт бағыт бойынша сараланады: экономикалық көрсеткіштер, үкіметтің тиімділігі, бизнестің тиімділігі және инфрақұрылым.
Биылғы рейтингте Қазақстан 65,4 балл жинап, 38-орынға ие болды. Алғашқы ондыққа әлемнің жетекші экономикалары кірді: Сингапур (100 балл), Гонконг (95,6), Швейцария (95,3), Тайвань (94,3), Біріккен Араб Әмірліктері (94,1), Дания (94,1), Ирландия (94,1), Нидерланд (90,1), Швеция (88,5) және АҚШ (86,8).
Жаһандық тізімде Қазақстан Испания, Португалия, Польша, Италия және Аргентина сияқты бірқатар мемлекетті артқа тастады.
Зерттеуде еліміздің төрт негізгі бағыт бойынша жекелеген көрсеткіштері де келтірілген. Үкіметтің тиімділігі бойынша Қазақстан 63,0 баллмен 23-орынға, бизнестің тиімділігі бағытында 66,5 баллмен тағы да 23-орынға жайғасты. Инфрақұрылым көрсеткіші 46,2 баллды құрап, бұл бағытта ел 43-орында тұр. Ал экономикалық көрсеткіштер бойынша 43,5 балл жинап, 57-орыннан көрінді.
Сонымен қатар, зерттеу аясында Қазақстанның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері ұсынылған. Елдің жалпы ішкі өнімі 306,2 млрд долларды құрап, осы көрсеткіш бойынша 44-орынға ие болды. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы ЖІӨ 45 286,3 долларға жетіп, 43-орынға орналасты. ЖІӨ-нің нақты өсімі 6,5 пайызды құрап, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан 6-сатыға көтерілді.
Ел халқының саны 20,4 млн адамды құрап, осы көрсеткіш бойынша 32-орында тұр. Жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызбен 31-орынға, ал тұтыну бағаларының инфляциясы 11,4 пайыз болып, 65-орынға орналасты.
