Сурет: agropress
Қазақ қайта өңдеу және тағам өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының мамандары бал мен зімбірге негізделген алкогольсіз әрі денсаулыққа пайдалы сусынның технологиясын жасап шықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жобаның басты жаңалығы – елімізде бұрын-соңды бал мен зімбірді бірге қолданып, осындай сусын жасалмаған. Ғалымдар екі табиғи өнімді алғаш рет бір құрамға біріктіріп, олардың пайдалы қасиеттерін барынша сақтайтын өңдеу әдісін ұсынды.
Жоба шеңберінде институт мамандары сусынның 40 түрлі құрамын әзірлеп, сынақтан өткізді. Дәмі мен иісіне берілген баға, сондай-ақ өндірістік және қаржылық тиімділігі ескеріліп, ең қолайлы төрт құрам іріктелді.
Зерттеу кезінде дайын сусындардың құрамында антиоксиданттардың көп екені анықталды. Өнімді жасау барысында бал мен зімбірдегі пайдалы әрі әсерлі заттардың өндірістің әр кезеңінде мүмкіндігінше сақталуына айрықша көңіл бөлінді. Бұл қасиеттер сусынның адам денсаулығына пайдалы бағытта жасалғанын көрсетеді.
Жаңа технологияның маңызы – отандық омарташылық өнімдерін тағам өндірісінде кеңінен пайдалануға жол ашуында. Қазақстанда бал өндіру көлемі жоғары болғанымен, оны пайдалы сусындар жасауға өндірістік тұрғыда пайдалану әлі де жеткіліксіз. Жаңа тәсіл бал өнімдерін өңдеудің жаңа бағытын қалыптастырып, құны жоғары дайын өнім шығаруға жол ашады.
Әзірленген технологияға елімізде пайдалы модельге берілетін патент алынған. Сонымен қатар алкогольсіз және құрамында спирті аз сусындарды өндірістік жолмен дайындауға арналған әдістемелік ұсынымдар әзірленді.
Қазіргі таңда жаңа технологияны тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарына енгізуге болады. Бұл отандық пайдалы сусындардың түрін көбейтіп, бал өнімдерін тереңірек өңдей отырып, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы ғалымдарының ғылыми жұмыстарын өндіріске енгізуге серпін береді.
