Әлем

Бозымбаев Оңтүстік Кореяда Alatau City жобаларын талқылады

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Корея Республикасына жұмыс сапары барысында KEPCO, Lotte Hotels & Resorts, Doosan Enerbility және GGGI компанияларының басшыларымен кездесіп, Alatau City-дегі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысу мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Келіссөздерде Қанат Бозымбаев қазақстандық-корей стратегиялық әріптестігінің жоғары деңгейін атап өтіп, жаңа қаланы дамытуға озық технологиялар, инвестициялар және халықаралық сараптама тартуға мүдделі екенін жеткізді.

«Alatau City – Қазақстанның басты ұлттық жобаларының бірі. Бүгінде қала үшін арнаулы инвестициялық және реттеушілік орта қалыптастырылып, заманауи инфрақұрылым құрылуда. Біз жетекші корей компанияларымен ұзақ мерзімді әріптестікке мүдделіміз және бірлескен жобаларды нақты пысықтауға дайынбыз», деді Қанат Бозымбаев.

KEPCO-мен кездесуде Alatau City-дің энергетикалық инфрақұрылымын дамыту бойынша ынтымақтастық келешегі сөз болды. Атап айтқанда, корей корпорациясының электр энергиясын беру және тарату жүйелерін жобалауға, қосалқы стансалар салуға, ұлттық энергия жүйесімен интеграциялауға және жергілікті электр желілерін қосуға қатысуы талқыланды.

Doosan Enerbility және GGGI басшылығымен Alatau City-дің меншікті генерациясын дамыту мәселелері қаралды. Келешегі бар бағыттардың бірі ретінде қуаты 2×250 МВт болатын, кейіннен сутегіге көшу мүмкіндігі бар газ электр стансасын салу қарастырылуда. Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдана отырып іске асыру алдын ала қарастырылуда.

Сондай-ақ туристік, қонақүй инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Lotte Hotels & Resorts компаниясымен Alatau City-де L7 by Lotte қонақүйі бар көпфункционалды кешенді іске асыру мүмкіндігі қаралды. Құны 200 млн доллардан асатын жоба 180 нөмірлі қонақүйді, кеңсе кеңістіктерін және тұрғын апартаменттерді көздейді.

Кездесулер нәтижесінде тараптар талқыланған жобалар бойынша, оның ішінде оларды қаржыландыру мен іске асыру тетіктерін айқындау жөніндегі жұмыстарды жалғастыруға келісті. Alatau City Authority бұл жұмысты салалық мемлекеттік органдармен, әлеуетті серіктестермен бірлесіп үйлестіруді, сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Қазіргі уақытта Alatau City-дің инвестициялық портфелі жалпы құны 6,9 млрд доллар болатын, іске асырылуы 55 мыңнан астам жұмыс орнын құруды көздейтін 67 жобаны қамтиды.

Талқыланып жатқан жобаларды іске асыру Alatau City-дің кешенді дамуына, атап айтқанда, сенімді энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды қалыптастыруға, қонақүй, іскерлік, коммерциялық нысандарды дамытуға ықпал етеді. Халықаралық серіктестерді тарту және жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру қосымша жұмыс орындарын ашуға, қалалық қызметтердің аясын кеңейтуге, сондай-ақ іскерлік белсенділіктің өсуіне және қалалық ортаның сапасын арттыруға жағдай жасайды.

Көп оқылғандар