Сурет: Туризм және спорт министрлігі
Елордада үстел теннисінен WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup халықаралық турнирінің ашылу рәсімі өтті. Мұндай дәрежедегі жарыс Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Дода 15-20 қыркүйек аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Әлемнің 29 елінен 160 спортшы қатысады. Жалпы жүлде қоры – 300 мың АҚШ доллары.
Ашылу салтанатына Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысып, үстел теннисінің елдегі қарқынды дамуын және ірі халықаралық жарыстардың осы спорт түрін өркендетудегі маңызын атап өтті.
«Бүгінде Қазақстанда 260 мыңнан астам адам үстел теннисімен айналысады, оның 10 мыңнан астамы – кәсіби спортшы. Спортшыларымыз халықаралық аренада еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Сонымен қатар Қазақстан ірі спорттық жарыстарды өткізу ауқымын жүйелі түрде кеңейтіп келеді. 2024 жылы Астана Орталық Азия қалалары арасында алғаш рет Азия чемпионатын қабылдады. Ал 2027 жылы елімізде әлем чемпионаты өтеді. WTT Star Contender сериясындағы турнирді өткізу – Қазақстанның әлемдік үстел теннисіндегі орнын нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам. Бұл – спортшыларымыз үшін өз алаңында әлемнің үздік ойыншыларымен кездесіп, мол тәжірибе жинауға және шеберлігін шыңдауға берілген үлкен мүмкіндік», деді Ербол Мырзабосынов.
Министр Қазақстанның халықаралық спорттық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін және жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге қажетті жағдай жасауға дайын екенін жеткізді.
WTT Star Contender Astana 2026 – President’s Cup турнирі World Table Tennis ұйымының ресми күнтізбесіне енгізілген. Жарыстың халықаралық құқық иесі – Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) аясында жұмыс істейтін World Table Tennis ұйымы.
Қазақстанда турнирді Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен Nomad Table Tennis Academy ұйымдастырып жатыр.
Жарысқа әлемдік үстел теннисінің жетекші өкілдері қатысуда. Олардың қатарында Қытай спортшысы Ван Иди, Франция өкілі Алексис Лебрен, германиялық Данг Цю мен Дмитрий Овчаров, словениялық Дарко Йоргич, сондай-ақ жапониялық Сацуки Одо мен Миу Хирано бар. 2015 жылғы әлем чемпионатының жекелей сындағы күміс жүлдегері Фанг Бо Nomad Table Tennis Academy құрамында Қазақстан атынан өнер көрсетеді.
Қазақстан атынан еліміздің жетекші спортшылары, соның ішінде Кирилл Герасименко, жастар арасындағы әлем чемпионы Алан Құрманғалиев, Зәуреш Акашева және Сарвиноз Миркадырова сынға түседі.
Жарыс бес санат бойынша өтеді: ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сын, ерлер мен әйелдер арасындағы жұптық сын және аралас жұптық сын.
Айта кетейік, Қазақстан үстел теннисінен ірі халықаралық жарыстарды өткізу тәжірибесін жүйелі түрде кеңейтіп келеді. 2024 жылы Астана Азия чемпионатын қабылдап, мұндай деңгейдегі жарысты өткізген Орталық Азиядағы алғашқы қала атанды. 2027 жылы Қазақстан үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайды.
