Қоғам

Ясауи мұрасы жасанды интеллект арқылы мультфильмге айналды

Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында «Ясауи атамыздың шын қазынасы» аталатын анимациялық фильмнің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Балаларға арналған туынды Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын насихаттауға бағытталған. Онда ғұлама хикметтеріндегі адамгершілік құндылықтар дәріптеледі.

Анимациялық фильмнің авторы Сұлтан Байсейіт Ясауитану ғылыми орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, жасанды интеллект көмегімен әзірлеген.

Таныстырылым барысында музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов жас ұрпаққа Ясауи мұрасын заманауи әрі түсінікті тәсілмен танытудың маңыздылығын атап өтті.

Көрсетілімнен кейін оқушылар Ясауидің өмірі мен ілімі туралы сұрақтарға жауап беріп, фильмнен алған әсерлерімен бөлісті. Балаларға естелік сыйлықтар да табысталды. Туындыны талқылауға ғалымдар, музей қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жоба Ясауи іліміндегі мейірімділік, адалдық, ізгілік пен білімді балаларға кеңінен насихаттауды көздейді. Алдағы уақытта музей-қорық осы бағыттағы танымдық жобаларды жалғастыруды жоспарлап отыр.

Көп оқылғандар