Сурет: gov.kz
Елордада пробация қызметінің есебінде 375 адам бар. Олардың қоғамға қайта оралуына қандай жағдай жасалып жатқаны туралы қалалық коммуникациялар қызметінде брифинг өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Брифингте елорданың Есіл ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Самат Қойкенов сөз сөйледі. Ол пробациялық бақылаудағы сотталғандардың міндеттері мен жаза түрлеріне тоқталды.
Прокурордың айтуынша, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға айыппұл, түзеу және қоғамдық жұмыстар, сондай-ақ бас бостандығын шектеу жатады. Айыппұл үкім заңды күшіне енген күннен бастап сот белгілеген мерзімде төленуі тиіс. Егер айыппұл уақытында төленбесе, ол мәжбүрлі түрде өндіріліп алынады, ал кірістер мен мүліктер жетіспесе, сот айыппұлды басқа жазамен алмастыра алады.
Түзеу жұмысы негізгі жұмыс орны бойынша орындалады. Сотталған адамның жалақысынан ай сайын 10-нан 50 пайызға дейін ұсталып, ұсталған қаражат Жәбірленушілерге өтемақы қорына аударылады. Ұстап қалу әлеуметтік жәрдемақылардан және біржолғы төлемдерден жүргізілмейді.
Қоғамдық жұмыстар қоғамға пайдалы жұмыстарды тегін орындаудан тұрады. Қылмыстық теріс қылықтар үшін 20-дан 200 сағатқа дейін, ауырлығы аз және орташа қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін 200-ден 1200 сағатқа дейін тағайындалады. Пробациялық бақылау 6 айдан 7 жылға дейінгі мерзімге белгіленеді.
«Пробация қызметі талаптардың сақталуын қадағалап қана қоймай, сотталғандарға қалыпты өмірге оралуға көмектеседі. Осылайша 20 адам тұрақты жұмыс тапты, ал 34 адам жұмыссыз ретінде есепке алынды. Сотталғандарды қолдау үшін тренингтер, спорттық іс-шаралар және бос орындар жәрмеңкелері өткізіледі», – деп түсіндірді спикер.
2026 жылғы жағдай бойынша Есіл ауданының пробация қызметінің есебінде 375 адам тұрады. Оның ішінде 188 адам бас бостандығын шектеуге сотталған, 49 адам шартты түрде сотталған, 21 адам қоғамдық жұмыстарға тартылған, 31 адам жазасын өтеуді кейінге қалдырған, 111 адам белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылған. Сондай-ақ 23 адамға қатысты сот бас бостандығын шектеуді бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы материалдарды қанағаттандырды.
