Сурет: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяға жұмыс сапары барысында Hanwha Group вице-төрағасы Ким Дон Вонды қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде қазақ-корей инвестициялық және технологиялық ынтымақтастығының перспективалы бағыттары талқыланды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап Egemen.kz хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кореямен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтынын атап өтті. Президент Қазақстан Hanwha Group-ты Корея Республикасының стратегиялық маңызды салаларда халықаралық деңгейде орныққан жетекші бизнес топтарының бірі ретінде қарастыратынын айтты.
Президент Қазақстанның Hanwha Group-пен серіктестікті кеңейтуге дайын екенін растап, қол жеткізілген уағдаластықтар өзара тиімді нақты жобаларға ұласатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Ким Дон Вон Hanwha Group-тың Қазақстанмен ынтымақтастықты 1997 жылы бастаған алғашқы кореялық корпорациялардың бірі екенін атап өтті. Ол компанияның Қазақстандағы цифрландыру үдерісіне және түрлі жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндігіне қызығушылық танытқанын айтты.
Еске сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды. 15 қыркүйекте Сеулде жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіліп, қазақ-корей кеңейтілген стратегиялық серіктестігін нығайту перспективасы талқыланады.
