Жайық news

Мұнай-газ машина жасау форумының қатысушылары БҚО кәсіпорындарын аралады

Сурет: Жайық Пресс

Мұнай-газ машина жасау форумы мен Операторлардың ашық есік күні аясында Батыс Қазақстан облысының өнеркәсіп орындарына сапарлар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Форумға қатысушылар «УральскАгроРемМаш» АҚ, «West Oil Engineering Company» ЖШС және «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ өндіріс алаңдарын аралап, аймақ кәсіпорындарының қуатымен және әлеуетімен танысты.

Делегацияны Қазақстан Республикасы энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров басқарды. Сапарға Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттары, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығы, «PSA» ЖШС уәкілетті органының өкілдері, сондай-ақ ірі мұнай-газ операторларының басшылары қатысты. Олардың қатарында «Теңізшевройл» ЖШС Бас директоры Уильям Лакоби, «Карачаганак Петролеум Оперейтинг Б.В.» Бас директоры Марко Марсили, NCOC N.V. Басқарушы директорының орынбасары Жандос Оразалиев және IMBC Бас директоры Дастан Абишев бар.

Араланған зауыттар мұнай-газ саласына арналған өлшеу, есепке алу және автоматтандыру жүйелерін, автоцистерналарды, өрт техникасын, металл конструкцияларын, салада сұранысқа ие ірі мұнай-газ және энергетикалық жабдықтарды шығарады.

Кездесулер барысында зауыттардың технологиялық мүмкіндіктері таныстырылып, өндіріс әлеуетін арттыру және ірі мұнай-газ жобаларының операторларымен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.

Сапарларды ұйымдастыру Батыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік әлеуеті жоғары аймақ ретіндегі маңызын айқындап, мемлекеттік құрылымдар, отандық өндірушілер мен ірі мұнай-газ операторлары арасындағы серіктестік байланыстарды нығайтуға ықпал етті.

Көп оқылғандар