Сурет: Жайық Пресс
Орал қаласында «Қыз Жібек» үлгілі ансамблінің 15 жылдығына арналған «Қыз Жібек келді ортаңа» атты мерейтойлық есептік концерті өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық өнерді дәріптейтін бұл кеш ансамбльдің шығармашылық жолы мен дәстүрлі ән өнерін насихаттауға қосқан үлесінің көрінісі болды.
Шығармашылық ұжым Жалпақтал ауылында бастау алған. Осы жылдар ішінде ансамбль дәстүрлі әндер мен термелерді насихаттап, қазақ өнерінің байлығы мен өзіндік ерекшелігін көрерменге жеткізіп келеді.
Мерейтойлық концертке Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мәулет Жұбатов, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық академиялық филармония басшысының орынбасары Мәди Сабыр және Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты. Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы, ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әділет Орынбасаров ансамбльге арнап өлең оқып, шығармашылық ұжымға құрмет көрсетті.
Ансамбльдің шығармашылық қызметімен қатар, оның негізіндегі педагогикалық мектептің маңызы зор. Дәстүрлі өнерді дамытуға елеулі үлес қосып жүрген Баян Құбайқызы Ғарифолла Құрманғалиевтен алған білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа жеткізіп, шәкірт тәрбиелеуге өзін арнауда. Облыста алғашқы терме сыныбының ашылуынан басталған жол көптеген жастардың ұлттық өнерге бет бұруына ықпал етті. Бүгінде осы мектептің түлектері өз шығармашылық жолдарын қалыптастырып, дәстүрлі өнердің көкжиегін кеңейтуде.
15 жыл – өнерге қызмет ету мен дәстүр сабақтастығын сақтаудың маңызды кезеңі. «Қыз Жібек» ансамблінің шығармашылық жолы ұлттық өнердің өміршеңдігін және рухани құндылықтардың ұрпақтан ұрпаққа жалғасуын көрсетеді.
Қазақ халқының рухани әлемінде «Қыз Жібек» есімі сұлулықты, нәзіктікті және ұлттық болмысты білдіреді. Осы есімді иеленген ансамбль өз өнерімен қазақ халқының ән дәстүрін дәріптеп, мәдени мұраны сақтауға үлес қосуда.
«Қыз Жібек келді ортаңа» концерті ұлттық өнерге деген құрметтің жарқын көрінісіне айналып, көрерменге терең рухани әсер сыйлады.
Мазмұнға өту
