Сурет: ашық дереккөзден
АҚШ президенті Дональд Трамп Форт-Худ әскери базасында 13 адамды өлтірген Нидал Хасанның өлім жазасын тікелей эфирде көрсету жоспарынан бас тартты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы АҚШ президенті өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлімдеді. Ол өлім жазасын көпшілікке көрсету әлем үшін тежеуші фактор болар еді деп есептегенімен, көптеген адамдардың мұны қаламайтынын ескерген.
«Менің ойымша, өлім жазасының орындалуын көпшілікке тікелей эфирде көрсету бүкіл әлем үшін күшті тежеуші фактор болар еді. Бұл Американың Хасан сияқты террористер мен оңбағандарға қарсы қалай күресетінін көрсетер еді. Алайда көптеген жақсы ниетті адамдар оның өлімін тікелей эфирде де, басқа да визуалды құралдар арқылы көргісі келмейді. Ол жоспарланғандай ату арқылы өлім жазасына кесіледі, бірақ бұл оқиға тікелей эфирде көрсетілмейді», – деп жазды Дональд Трамп.
Сонымен қатар Трамп қаза тапқандардың жақын туыстары қаласа, өлім жазасының орындалуына жеке қатыса алатынын айтты. Оның пікірінше, олар әділдіктің орнағанына куә болуға лайық.
АҚШ армиясының майоры, психиатр-дәрігер Нидал Хасан 2009 жылғы 5 қарашада Техас штатындағы Форт-Худ әскери базасында 13 адамды өлтіріп, 30 әскери қызметші мен екі бейбіт тұрғынды жаралаған.
2013 жылдың тамызында әскери алқабилер Хасанды қасақана кісі өлтіру және кісі өлтіруге оқталу бойынша 45 айыптау тармағының барлығы бойынша кінәлі деп танып, өлім жазасына кескен. Қазір ол 56 жаста. Ұстау кезінде полицейлер оны жаралаған. Содан кейін Хасан жартылай сал болып қалып, мүгедек арбасымен жүрді.
Бұған дейін АҚШ Қорғаныс министрлігінің өкілдері Нидал Хасанның ату арқылы өлім жазасына кесілу сәтін тікелей эфирде көрсетуді жоспарлап отырғанын мәлімдеген еді. АҚШ тарихында мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған.
Үкімді 3 желтоқсанда қайғылы оқиға болған сол әскери базада орындау жоспарланған. Өлім жазасы бейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 13:00-ге белгіленген. Бұл – Нидал Хасан оқ атқан аптаның дәл сол күні және шамамен сол уақыт.
Бұл АҚШ әскери күштерінің 1961 жылдан бері орындайтын алғашқы өлім жазасы. Сондай-ақ, 1945 жылдан бергі алғашқы әскери ату жазасы болмақ.
Мазмұнға өту
