Спорт

Астанада үстел теннисінен Президент кубогі басталды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Астанада үстел теннисінен Президент кубогі халықаралық турнирі басталды. Бір аптаға созылатын «WTT Star Contender Astana 2026 President’s Cup» додасының жүлде қоры – 300 мың доллар, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Әлемнің таңдаулы теннисшілерін тоғыстырған жарыс келер жылы елімізде өтетін әлем чемпионаты алдындағы маңызды сынның бірі саналады. Дүбірлі дода Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатыр. Президент кубогіне әлемнің 29 елінен 160-қа жуық спортшы қатысуда.

Елордада осымен екінші рет ұйымдастырылған халықаралық турнир әлемнің үздік үстел теннисі шеберлерін бір алаңға жинады. Мұндай ірі жарыс отандық спортшылардың тәжірибе жинауына мүмкіндік беріп қана қоймай, елімізде үстел теннисінің кеңінен қанат жаюына да серпін бермек.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, биыл турнирге қатысуға ниет білдірген спортшылар қатары арта түскен. Бұл бәсекенің беделі мен деңгейінің өскенін аңғартады.

«Президент кубогі былтыр тұңғыш рет ұйымдастырылды. Биыл екінші рет өтіп отыр. Қатысуға ықылас танытқан спортшылар қатары да көбейіп келеді. Осындай маңызды сайыстар арқылы тәжірибе жинап, келесі жылы әлем чемпионатын жоғары деңгейде өткізуге барымызды саламыз. Халықаралық үстел теннисі федерациясының 2027 жылғы әлем чемпионатын елімізге сеніп тапсыруы – үлкен жауапкершілік. Бұған дейін Орталық Азияда үстел теннисінен әлем чемпионаты өткен емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес осы спорт түрін дамытуға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Соның нәтижесінде үстел теннисіне қызығушылық та артып келеді», деді вице-министр.

Африка құрлығының бірнеше дүркін чемпионы, халықаралық турнирлердің жеңімпазы, мысырлық Омар Асар Қазақстанға алғаш рет келгенін айтып, жарыстың ұйымдастырылуына жоғары баға берді.

«Кейінгі жылдары үстел теннисіндегі бәсекелестік айтарлықтай күшейді. Қазақстанда да жастардың осы спортқа қызығушылығы артып келе жатқаны қуантады. Ұшқырлықты, стратегиялық ойлау мен шұғыл шешім қабылдауды талап ететін спортты кеңінен насихаттауда осындай жарыстардың маңызы зор. Астанадағы турнирдің ұйымдастырылу деңгейі де жоғары. Қазақстанның ірі халықаралық жарыстарды өткізуде мол тәжірибе жинағаны байқалады», деді ол.

«Nomad Table Tennis Academy» директоры Руслан Жетібаевтың айтуынша, турнирдің мәртебесі мен қомақты жүлде қоры әлемнің таңдаулы теннисшілерін Астана төріне жинап отыр.

«Халықаралық турнирдің ауқымы кеңейіп, қатысушылар қатары көбейгені қуантады. Бәсекенің жоғары болуы отандық спортшылар үшін де үлкен мүмкіндік. Жекпе-жек сарайында талантты теннисшілеріміз әлемнің мықтыларымен сынға түсіп, шеберлігін шыңдайды. Әлем чемпионаттары мен Олимпия ойындарында жүлде алған саңлақтардың ойынын көріп, тәжірибе жинайды», деді Р.Жетібаев.

Кеше халықаралық турнирдің іріктеу кезеңі өтті.

Көп оқылғандар