Басты тақырып

Курчатовта 700 МВт электр стансасының іргетасы қаланды

Сурет: Egemen Qazaqstan

Абай облысындағы Курчатов қаласында қуаты 700 МВт болатын конденсациялық электр стансасының іргетасын қалау рәсімі өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов және «Курчатов» КЭС жобасының инвесторы Темірлан Өтегенов қатысты.

«Бүгін біз Абай облысы үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін тарихи маңызы бар оқиғаның куәсі болып отырмыз. Қуаты 700 МВт болатын Курчатов конденсациялық электр стансасының іргетасын қалап, болашаққа арналған естелік капсуланы салудамыз. Бұл – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған үлкен стратегиялық жоба», деді Берік Уәли.

Темірлан Өтегеновтің айтуынша, жоба 2026–2032 жылдарға жоспарланған. Жалпы инвестиция көлемі – 881 миллиард теңге. Станса толық іске қосылғаннан кейін жылына 5 миллиард кВт·сағатқа дейін электр энергиясын өндіреді. Құрылыс кезеңінде 5 мыңға дейін адам жұмыспен қамтылса, станса іске қосылғаннан кейін 400 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Сонымен қатар Курчатов қаласына ғылыми қалашық мәртебесін беру аясында Семей медицина университетінде «Радиологиялық медицина және ғылымның өңірлік кластерін құру тұжырымдамасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға облыс әкімдігі, денсаулық сақтау басқармасы, Семей медицина университеті, Shakarim University, Alikhan Bokeikhan University, Радиациялық медицина және экология ғылыми зерттеу институты, Ұлттық ядролық орталық, Ядролық технологиялар паркі, Ядролық медицина және онкология орталығының өкілдері қатысты.

Көп оқылғандар