Әлем

Қазақстан мен Швейцария тікелей әуе рейсін ашуға келісті

Сурет: istockphoto.com

Қазақстан мен Швейцария арасында тікелей әуе қатынасын ашуға жол ашатын жаңа келісімдер жасалды. Астанада екі елдің авиациялық құрылым басшылары келіссөз жүргізіп, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құжат бойынша тағайындалған әуе компанияларына екі ел арасында аптасына 28 жолаушылар рейсіне дейін орындауға құқық берілді. Сондай-ақ жүк тасымалдарын рейс жиілігі мен сыйымдылығына шектеусіз жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптасты.

«Кездесуде тараптар тікелей әуе қатынасын дамыту перспективаларын және жаңа бағыттарды ашуға қатысты мәселелерді талқылады. Келіссөздерге Air Astana, SCAT, SWISS International Air Lines әуе компанияларының, Базель әуежайының, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Швейцария елшілігінің өкілдері қатысты. Бұдан бөлек, тараптар Әуе қатынасы туралы келісім жобасының мәтінін келісіп, парафирледі. Құжатқа кейін қол қою Қазақстан мен Швейцария арасындағы әуе қатынасын одан әрі дамытуға қажетті құқықтық негіз қалыптастырады», делінген Азаматтық авиация комитетінің хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, Швейцария тарапы Қазақстанмен тікелей әуе қатынасын дамытуға қызығушылық білдіріп, қазіргі уақытта Қазақстанға тұрақты рейстер ашу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін Жапония астанасы Токиода теңіз дауылының салдарынан 460-тан астам әуе рейсі тоқтатылды.

Көп оқылғандар