Сурет: Қазбек Құттымұратұлы, EQ
Республика күні қарсаңында Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданында 26 отбасы жаңа баспанаға ие болды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жалғыз үйі апатты деп танылған отбасыларға жаңа пәтер кілттерін облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй табыс етті. Бұл санаттағы 33 тұрғынның 79 пайызы жаңа баспанаға қол жеткізді.
Биыл жалғыз үйі тұруға жарамсыз деп танылған азаматтарды баспанамен қамту заңнамасы реттеліп, «Реновация» бағдарламасына тиісті толықтыру енгізілген. Жаңа тұрғын үйлерде балалар ойын алаңы салынып, аула абаттандырылған.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты міндеттер жүктеді. Соның бірі – ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй құрылысын жандандыру. Биылдан бастап жалғыз үйі апатты деп танылған азаматтарды баспанамен қамтуға ерекше назар аударылды. Осы санаттағы отбасыларға Орал қаласын айтпағанда, Жаңақала, Сырым аудандарында жаңа пәтерлер берілді. Бұл жұмыс жалғасады. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толып, бақ-берекелі болғай!», деді облыс әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәй.
Ауыл тұрғындары мемлекеттің қолдауына риза болып, құрылысқа атсалысқан азаматтарға алғыс білдірді. Айта кетейік, 2023 жылдан бері өңірде 7 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріліп, оның 40 пайызы ауылдық елді мекендерде бой көтерген.
Мазмұнға өту
