Жайық news

БҚО-да халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы талқыланды

Сурет: Жайық Пресс

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасы С. Бейсенованың Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Т. Каюповпен кездесуі өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесу барысында өңір тұрғындарының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері және осы саладағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру шаралары қарастырылды.

Бүйрек синдромымен жүретін геморрагиялық қызба бойынша эпидемиологиялық жағдайға, кеміргіштер санын азайтуға бағытталған дератизациялық шаралардың сапасы мен тиімділігін бақылауға, сондай-ақ халықты иммундау және вакциналарды сақтау мен тасымалдау кезінде суық тізбек талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Авариялық жағдайдағы денсаулық сақтау және білім беру нысандарын қаржыландыру мәселелері жеке қаралды. Бұл ретте халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және медициналық, білім беру қызметтерін алу үшін тиісті жағдай жасау қажеттілігі ескерілді.

Сонымен қатар жануарлар терісін қайта өңдеу арқылы жем өндіруді көздейтін «EKO CLUB» ЖШС инвестициялық жобасын іске асыру кезінде санитарлық-қорғау аймақтарына қойылатын нормативтік талаптарды сақтау талқыланды.

Кездесуге қатысушылар қолданыстағы коммуналдық қалдықтар полигонын жүктеуден шығару және рекультивациялау, сондай-ақ Орал қаласында жаңа полигон салу мәселелерін де қарастырды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі ынтымақтастық туралы және белгіленген мәселелерді өз құзыреті шегінде бірлесіп пысықтау туралы уағдаласты. Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, белгіленген нормативтік талаптарды сақтауға және өңірдің өзекті проблемаларын шешуге ерекше назар аударылатын болады.

Көп оқылғандар