Басты тақырып

Тоқаев Республика күнінде егемендікті ең қымбат құндылық деп атады

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында егемендік пен Тәуелсіздіктің ел үшін ең қымбат құндылық екенін атап өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент аға буынның ел игілігі үшін қажырлы еңбек етіп, түрлі сын-қатерді еңсергенін атап өтті. Сондай-ақ жастардың ұлттық тарихты терең танып, оған құрметпен қарай бастағанын оң үрдіс деп бағалады.

«Республика күні – күллі халқымыздың басын қосатын, жалпыұлттық сипаты бар бірегей мереке. Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қазынамыз, ең асыл құндылығымыз! Сондықтан мемлекеттігімізді күшейтіп, еліміздің іргесін бекіте түсу – баршамыздың қасиетті борышымыз. Біз егемендікке ата-бабаларымыздың бойындағы мықты ерік-жігер мен өшпес рухтың арқасында қол жеткіздік. Халқымыз Тәуелсіздік жолында құрбан болған ерлердің, бостандық үшін жанқиярлықпен күрескен тұлғалардың есімін әрқашан жадында сақтайды. Аға буын тар жол, тайғақ кешуден өтсе де, барлық сын-қатерді еңсеріп, ел үшін қажырлы қызмет етті. Халқымыз, әсіресе жастарымыз төл шежіремізді терең танып, оған құрметпен қарай бастады. Бұл – өте жақсы үрдіс. Шын мәнінде, тарихқа тек біржақты көзқараспен қарауға болмайды. Біздің тарихымыз – ұлы жеңістердің, мәңгілік мұралар мен теңдессіз дәстүрлердің шежіресі. Біздің тарихи деректерге толы даңқты жолымызды жігерлі, табанды, жасампаз тұлғалар жазды. Олардың өмірі мен ұстанымы – жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Түптеп келгенде, елдігіміздің тұғырын мемлекетшіл, отаншыл, парасатты, адал, еңбекқор адамдар нығайтады», деді Президент.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев металлург Әбдірашит Доспановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді.

«Қазір ортамызда отырған азаматтардың бойында осы құнды қасиеттердің бар екені анық. Солардың бірі «Еңбек Даңқы» наградасының толық кавалері – Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспанов. Ол әке ізін басып, 40 жылдан астам уақыт металлургия саласында абыройлы жұмыс істеп келе жатыр. Кәсіби шеберлігі мен еңбекке адалдығының арқасында зор табысқа жетіп, елімізді өркендетуге мол үлес қосып жүр. Бүгінде жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, оларға өмірлік кәсібінің қыр-сырын үйретуде. Мен бүгін Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспановқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру туралы шешім қабылдадым», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент 2019 жылдан бері Қазақстанның экономикасы 30%-ға жуық өскенін айтты.

Көп оқылғандар