Басты тақырып

Оралда «Қыран елім – Қазағым!» жастар патриоттық форумы өтті

Республика күні қарсаңында Орал қаласындағы Жастар мәдениет сарайында «Қыран елім – Қазағым!» жастар патриоттық форумы өтті. Іс-шараға 500-ге жуық жас қатысты. Форумды Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен «Әділет» партиясы Жастар қанатының Батыс Қазақстан облыстық филиалы ұйымдастырды.

Форумның негізгі мақсаты – жастар арасында отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеу, ұлттық бірегейлікті нығайту және жас буынның ел болашағына деген жауапкершілігін арттыру. Кездесу барысында спорт, шығармашылық және құқық қорғау салаларында жетістікке жеткен азаматтар жастармен тәжірибелерімен бөлісіп, кәсіби қалыптасу жолы, табандылық пен азаматтық ұстанымның маңызы туралы әңгімеледі.

«Әділет» партиясы Жастар қанатының Батыс Қазақстан облыстық филиалының ұйымдастырушысы Ерлік Шамғали форумның маңыздылығына тоқталып, жастардың ел дамуына қосатын үлесі айрықша екенін атап өтті.

«Республика күні – мемлекеттігімізді, тәуелсіздігімізді және елдік бірлігімізді айқындайтын маңызды мереке. Жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілікпен қатар, қоғам алдындағы жауапкершілік сезімі де қалыптасуы керек. Бүгінгі форумның мақсаты – жастарды ізденуге, мақсат қоюға, өз қабілетіне сенуге және ел өміріне белсенді араласуға ынталандыру. Спикерлеріміз — өз саласының үздіктері, өз саласының майталмандары. Өйткені осындай мықты тұлғалар жастарға айтатыны бар, жастарға үлгі аларлықтай бүгінгі өзінің тәжірибелерімен бөлісуде. Бұл жердегі негізгі мақсат — жастардың патриоттық сезімін, елге, жерге деген жалпы туған жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру болып табылады.», – деді Ерлік Шамғали.

Форум спикерлері өз салаларының ерекшеліктеріне тоқталып, жетістікке жетудің қырларымен бөлісті.

Каратэден халықаралық деңгейде жетістікке жеткен Жоламан Биғабыл спорттағы тәртіп, төзімділік пен үздіксіз дайындықтың маңызы туралы сөз қозғады. Спортшының тәжірибесі жастарға үлкен нәтижеге жету үшін жүйелі еңбек етіп, қиындықтарға қарамастан алға ұмтылудың қажеттігін көрсетті.

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жамбы ату сайыстарының чемпионы Әсемгүл Ғалымжанова ұлттық спорттың тәрбиелік мәні мен дәстүрді сақтаудың маңызына назар аударды. Ол ұлттық спорт түрлерінің өскелең ұрпақтың тарихи-мәдени мұраға қызығушылығын арттырудағы орнын таныстырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызын жеткізді.

Продюсер, автор-сценарист әрі «Karantino production» негізін қалаушы Самат Қуанғалиев шығармашылық индустриядағы тәжірибесімен бөлісті. Ол идеяны жүзеге асыру, тың ой қалыптастыру, кәсіби ізденіс пен еңбекқорлықтың рөліне тоқталып, жастарға шығармашылық қабілеттерін дамыту жөнінде бағыт-бағдар берді.

Орал қаласы Полиция басқармасы Патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Парасат Жолбаев құқықтық тәртіп пен азаматтық жауапкершілік тақырыптарын көтерді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі тәртіптің, заң талаптарын сақтаудың және әр азаматтың құқықтық сауаттылығының маңызын түсіндірді.

Орал қаласының ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Дәурен Шамуратов жастар саясатының негізгі бағыттары мен жас буынның қоғамдық бастамаларға қатысу мүмкіндіктеріне тоқталды. Ол жастардың өз идеяларын ұсынып, әлеуметтік жобаларға араласуы және қала өміріне үлес қосуы үшін белсенділік пен азаматтық ұстанымның маңызын атап өтті.

Форум ашық пікір алмасу форматында жалғасып, қатысушылар спикерлерге сұрақ қойып, өздерін толғандырған тақырыптарды талқылады. 500-ге жуық жастың басын қосқан кездесу тәжірибе алмасуға, түрлі кәсіби бағыттармен танысуға және жас буынның қоғамдағы рөлін талқылауға мүмкіндік берді.

«Қыран елім – Қазағым!» жастар патриоттық форумы Республика күні қарсаңында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға және қоғам мен жас буын арасындағы диалогты дамытуға бағытталды.

Көп оқылғандар