Сурет: aqorda_resmi
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев China Nonferrous Metal Mining (CNMC) компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Вэнь Ганды қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде Президент Қазақстанның индустриалдық әлеуетін дамытуға CNMC тобының қосқан үлесін жоғары бағалады. Ол компанияның халықаралық тау-кен және металл өндірісі саласында мол тәжірибесі бар екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Ақтоғай кен орнында мыс балқыту зауытының құрылысы басталғанын ерекше маңызды оқиға деп бағалады. Бұл жоба Абай облысының экономикасын өркендетуге және Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін дамытуға тың серпін береді.
Тоқаев Қытай Қазақстанның сауда-инвестиция саласындағы негізгі стратегиялық әрі экономикалық серіктестерінің бірі екенін, ал бүгін басталған зауыт құрылысы екі ел ынтымақтастығының қарқынды дамып келе жатқанын көрсететінін айтты.
Өз кезегінде Вэнь Ган ауқымды жобаны жүзеге асыруға сенім артқаны үшін және салтанатты рәсімге қатысқаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді. Ол CNMC құрылыс жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізіп, озық технологияларды қолдана отырып, бекітілген мерзімде аяқтайтынын, өнеркәсіп пен экологиялық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтайтынын жеткізді.
Сонымен қатар Вэнь Ган жобаны іске асыру жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін, жергілікті мамандар даярлау және тәжірибе алмасу салаларында ынтымақтастықты кеңейтетінін атап өтті.
Кездесу соңында аталған зауыт Қазақстан мен Қытай арасындағы өнеркәсіптік кооперацияның тағы бір табысты үлгісіне айналып, металлургия мен терең өңдеу бағытындағы бірлескен жұмысқа жол ашатыны атап өтілді.
Мазмұнға өту
