Басты тақырып

Тоқаев екі архивке «Ұлттық» мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды

Сурет: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұлттық архиві мен Орталық мемлекеттік архивіне «Ұлттық» мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Құжат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Жаңа мәртебе архивтердің еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтаудағы айрықша маңызын көрсетеді.

Сонымен қатар құжат архив құжаттарының сақталуы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, қорларды цифрландыру және құнды тарихи деректерді ғылыми айналымға енгізу ісіндегі архивтердің рөлін айқындайды.

Орталық мемлекеттік архив 1921 жылы құрылған. Оның қорында қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы, ұлттық мәдениет пен ғылымның дамуы және көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы бірегей құжаттар жинақталған. Бүгінде архивтің 2 309 қорында 1,3 миллионнан астам сақтау бірлігі бар.

Ұлттық архив 2006 жылы құрылған. Мекеме еліміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму тарихына қатысты құжаттарды жинақтау, сақтау және пайдаланумен айналысады. Қазір оның 311 қорында 405 589 сақтау бірлігі сақталған. Архив 278 мемлекеттік органмен және ұйыммен байланыс орнатып, олардың құжаттарын қабылдау және сақтау жұмысын жүргізеді.

Көп оқылғандар