Әлем

Трамп АҚШ-та «ЖИ патшасы» лауазымын енгізеді

Сурет: ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында жасанды интеллектіні дамытумен айналысатын арнайы құрылым – «жасанды интеллект күштерін» құратынын мәлімдеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Трамптың айтуынша, жаңа құрылымның негізгі міндеті – жасанды интеллект саласының дамуына ықпал ету. Ол технологияның қарқынды дамуын тежеуге бағытталған ұсыныстарды қолдамайтынын білдірді.

«Біз бұл таңғажайып индустрияның өсуіне ешқандай жағдайда кедергі келтірмейміз және оның дамуын тежемейміз», – деп жазды Трамп.

Осылайша АҚШ президенті жасанды интеллектіні қолданудан туындайтын қауіптерден қорғаудың тиімді тетіктері жасалғанға дейін технологияның дамуын баяулату туралы ұсыныстарды қабылдамайтынын көрсетті.

Трамп жақын арада жаңа құрылымның басшысын тағайындайтынын да мәлімдеді. Ол бұл лауазымды «ЖИ патшасы» деп атады.

АҚШ президенті жаңа құрылымның жұмысына қатысты басқа жоспарларды әзірге нақтылаған жоқ. Дегенмен ол АҚШ-тың жасанды интеллект саласында Қытайдан алда тұруды жалғастыруға ниетті екенін тағы да атап өтті.

«Жасанды интеллект – интернет секілді кезекті өнеркәсіптік революция. Алайда оның ықпалы одан да ауқымды болады. Оның үлесіне еліміздің жалпы ішкі өнімінің 25 пайызына дейін келуі мүмкін. Біз Қытайдан және бүкіл әлемнен алда келеміз және бұл көшбасшылықты сақтап қалуға ниеттімін», – деді Трамп.

Трамптың бұл мәлімдемесі жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты ықтимал қауіптер туралы ескертулер көбейіп отырған тұста жарияланды. Сарапшылар технологияның дамуына мемлекеттік бақылаудың жеткіліксіздігіне алаңдаушылық білдіріп келеді.

АҚШ президенті мұндай алаңдаушылықтарды «миф» деп атады.

Көп оқылғандар