Басты тақырып

Тоқаев Ленинград облысының губернаторын қабылдады

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденконы қабылдады, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайтуда өңіраралық байланыстардың маңызы зор екені атап өтілді. Президент Ленинград облысының өнеркәсіп пен көлік-логистика салаларында айтарлықтай әлеуеті бар екенін айтып, Қазақстанның осы аймақпен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады.

Мемлекет басшысының сөзінше, Ленинград облысымен сауда-экономикалық қатынастар қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 400 миллион доллардан асқан.

Александр Дрозденко қонақжайлық үшін Президентке алғыс білдіріп, Ресей Президенті Владимир Путиннің сәлемін жеткізді. Губернатор Ұлы Отан соғысы жылдарында Ленинград үшін шайқасқан қазақстандықтардың ерлігін ерекше атап, олардың ерлігі туралы естеліктердің қастерленетінін айтты.

Әңгіме барысында өнеркәсіп, атом энергетикасы, көлік және агроөнеркәсіп кешені салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективалары, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктері талқыланды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Дрозденконы Қазақстан мен Ресей арасындағы одақтастық қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Айта кетейік, бүгін Президент семсерлесуден Әлем кубогі кезеңінде жеңімпаз атанған Қазақстан құрамасын құттықтады.

Көп оқылғандар