Қоғам

Қазақстанда World Cleanup Day экологиялық акциясы өтті

Сурет: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

19 қыркүйекте еліміздің барлық аймақтарында World Cleanup Day халықаралық экологиялық науқаны ұйымдастырылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Бұл шара «Таза Қазақстан» ұлттық бастамасының құрамдас бөлігі ретінде қалалар мен елді мекендерді, сондай-ақ табиғи аумақтарды тазартуға тұрғындарды жұмылдырды.

Аталған күні тазалық науқанына 513 мыңнан астам адам қатысты. Олардың ішінде 140 мыңнан астам мемлекеттік қызметші және 82 мың ерікті болды. Сонымен қатар оқушылар мен студенттер, жастар ұйымдарының өкілдері, кәсіпорындар, қоғамдық бірлестіктер және жергілікті тұрғындар белсенділік танытты.

Науқан барысында қатысушылар саябақтар мен қоғамдық орындарды, орман алқаптарын, өзен жағалаулары мен су қоймаларын, сондай-ақ қалалар мен ауылдардың шеткі аумақтарын тазалады.

Жұмыс қорытындысы бойынша шамамен 6 мың гектар аумақ тазартылып, 12 мың тоннадан астам қалдық жиналды. Сонымен қатар 38 мыңнан астам ағаш пен бұта отырғызылды.

Экологиялық акцияның негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғаумен қатар, қоғамда тазалықты сақтау және табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.

World Cleanup Day «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып табылады. Бастама елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және халықтың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі акцияға қатысқан тұрғындарға, еріктілерге, қоғамдық ұйымдар, кәсіпорындар мен мемлекеттік органдар өкілдеріне ризашылығын білдірді.

Көп оқылғандар