Қоғам

Қырғызстанда қазақстандық дәрігерлер 1310 адамды тексерді

Сурет: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстандық дәрігерлер Қырғызстанда күрделі операциялар жасап, консультациялар өткізіп, 980-нен астам диагностикалық зерттеу жүргізді. Бұл туралы Қазақстан медицинасы күндерінің қорытындысы бойынша Бішкекте екі ел өкілдері қатысқан форумда айтылды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Тұрғындарды тексеру үшін заманауи диагностикалық жабдықтармен жабдықталған жылжымалы медициналық кешендер тартылды. Қазақстандық мамандар құрамында педиатрлар, неврологтар, акушер-гинекологтар, оториноларингологтар, офтальмологтар, стоматологтар, балалар хирургтері, ультрадыбыстық зерттеу және сәулелік диагностика мамандары жұмыс істеді.

Жұмыс барысында 1 310 тұрғын тексеріліп, 774 консультация өткізілді және 982 диагностикалық зерттеу жасалды. Олардың ішінде ультрадыбыстық зерттеу, компьютерлік томография, маммография, электрокардиография және рентгенологиялық зерттеулер бар. 11 жағдайда пациенттерге қосымша тексеруден өту ұсынылды.

Сонымен қатар Қазақстанның жетекші медициналық және ғылыми орталықтарының мамандары қырғызстандық әріптестерімен бірлесіп күрделі операциялар жасап, клиникалық талдаулар мен мастер-кластар өткізді.

Травматологтар мен ортопедтер омыртқаның компрессиялық сынықтары бар пациенттерге бірлескен операциялар жүргізді. Бір мезгілде төрт операциялық бригада жұмыс істеді.

Онкология саласында мамандар заманауи хирургиялық тәсілдерді қолдану тәжірибесімен алмасты. Офтальмологтар балалар онкоофтальмологиясы және витреоретиналды хирургия саласындағы технологияларды таныстырды.

Бағдарламаның жеке бағыты ана мен бала денсаулығын сақтауға арналды. Қазақстандық мамандар генетикалық және хромосомалық патологиялары, туа біткен даму кемістіктері және тұқым қуалайтын аурулары бар балалар мен отбасыларға медициналық-генетикалық консультациялар өткізді.

«Біз үшін пациенттерге медициналық көмек көрсетумен қатар, практикалық білім беру және Қазақстан мен Қырғызстанның медициналық ұйымдарының арасында тікелей кәсіби байланыстарды нығайту мүмкіндігінің болғаны аса маңызды. Дәл осындай өзара іс-қимыл Қазақстан медицинасы күндері аяқталғаннан кейін де бірлескен жұмысты жалғастыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов.

Қорытынды форум барысында тараптар ынтымақтастықтың алдағы бағыттарын белгіледі. Олардың қатарында мамандар алмасу, тағылымдамалар мен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың өзара іс-қимылы, телемедицинаны дамыту және клиникалық тәжірибе алмасу бар.

Денсаулық сақтау министрі Қырғыз Республикасының бейінді ведомствосының басшылығына және барлық қырғызстандық әріптестерге бірлескен іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны, кәсіби диалог пен тәжірибе алмасуға ашықтық танытқаны үшін алғысын білдірді.

Көп оқылғандар