Сурет: Ақорда
Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық орыс тілі ұйымының бас хатшысы Наталья Бочаровамен кездесу өткізді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында Президент аталған ұйымның гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған заманауи әрі беделді құрылым ретінде қалыптасуының маңыздылығын атап өтті.
Тараптар білім, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен жобаларды іске асыру кезінде ұйымға мүше барлық елдердің мүддесіне тең қараудың қажеттігін айтты. Оның пайымдауынша, тіл — саясиландыратын мәселе емес, ол адамдарды біріктіріп, өзара түсіністікке қызмет етуі тиіс.
Өз кезегінде Наталья Бочарова ұйым қызметіне қолдау көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, алдағы даму жоспарлары туралы мәлімет берді.
Сонымен қатар бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілгенін және Президенттің Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясын шақыру туралы өкімге қол қойғанын еске саламыз.
