Әлем

АҚШ Гренландиядағы әскери базаларын кеңейтуге дайындалып жатыр

Сурет: Report

АҚШ, Дания және Гренландия аралдағы америкалық әскери қатысуды ұлғайту туралы келісімге қол қоюға дайындалып жатыр. Құжатқа бүгін Нью-Йоркте өтіп жатқан БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында қол қою жоспарланып отыр, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Келісімнің нақты мәтіні әзірге жарияланған жоқ. Reuters агенттігінің мәліметінше, құжат аясында АҚШ Гренландияның оңтүстігіндегі бұрынғы Нарсарсуак әскери базасын қайта пайдалануы мүмкін. Американың Bluie West One нысаны бұл жерде 1950-жылдары жұмыс істеген.

Сонымен қатар шығыс жағалаудағы Местерс-Вигте жаңа америкалық инфрақұрылым пайда болуы ықтимал. Қазір бұл аумақта Арктика аймағын ит жегілген шанамен патрульдейтін Данияның Sirius арнайы жасағы орналасқан.

Келісім Арктикадағы қауіпсіздік мәселесіне қатысты тәсілді өзгертуі тиіс. Дания бұл мәселені тек АҚШ пен арадағы екіжақты мәселе емес, НАТО аясындағы мәселе ретінде қарастыруды ұсынып отыр.

Бұл жоспарлар Дональд Трамптың Гренландияны АҚШ бақылауына алу туралы талабына байланысты бірнеше айға созылған жанжал аясында пайда болды. Бұған дейін АҚШ президенті бұл мақсатқа жету үшін әскери күш қолдану мүмкіндігін де жоққа шығармаған. Ал сауалнамаларға сәйкес, Гренландияның АҚШ бақылауына өту идеясын арал тұрғындарының басым бөлігі қолдамайды.

Айта кетейік, жыл басында НАТО күштері Гренландияға орналастырылуы мүмкін екені хабарланған болатын.

Көп оқылғандар