Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ағымдағы жылдың тоғыз айында 1100-ден астам мемлекеттік қызмет көрсетті, оның ішінде 980-ге жуық рұқсат құжаты берілді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ведомство басшысының орынбасары Нұрсұлу Сариева айтты.
Спикердің дерегінше, есепті кезеңде эпидемиялық маңызы жоғары нысандардың заңнама талаптары мен гигиеналық нормативтерге сәйкестігі туралы санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алуға 612 өтініш түскен. Тағы 318 өтініш зиянды заттар мен физикалық факторлардың қоршаған ортаға жіберілетін шекті рұқсат етілген шығарындылары бойынша нормативтік құжаттама жобаларын келісуге және санитарлық-қорғау аймақтарын белгілеуге қатысты болды. Сонымен қатар, патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге рұқсат алуға 45, мемлекеттік бақылауға жататын тамақ өнімдерін өндіру нысанына есептік нөмір беруге бес, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы маман сертификатын беруге 48 және дезинфекция, дезинсекция және дератизация қызметтерін көрсетуге лицензия алуға жеті өтініш келіп түскен. Халықты мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі туралы хабардар ету үшін департамент мамандары 1929 түсіндіру іс-шарасын өткізіп, олармен 16 мыңға жуық адам қамтылды.
«Мемлекеттік қызметтерді көрсетуге ішкі бақылау тұрақты негізде жүргізіледі. Оның негізгі мақсаттары – қызметтердің қолжетімділігін, ашықтығын және уақтылы көрсетілуін қамтамасыз ету. Жыл басынан бері олардың сапасына шағым түскен жоқ», – деді Нұрсұлу Сариева.
Спикер санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алу үшін өтініш берушілерге тиісті талаптарда көзделген құжаттар мен мәліметтердің толық пакетін, сондай-ақ зертханалық зерттеулер хаттамаларының электрондық көшірмелерін ұсыну қажет екенін еске салды. Зерттеу хаттамаларының қолданылу мерзімі – бір жыл, өлшеу хаттамаларынікі – үш жыл. Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартуға ұсынылған құжаттар мен мәліметтердің дұрыс болмауы немесе олардың белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі негіз болуы мүмкін. Бұл жағдайда қызмет көрсетуші бір жұмыс күні ішінде өтініш берушіге ықтимал бас тарту себептерін көрсете отырып, алдын ала шешім туралы хабарлама жібереді. Өтініш беруші екі жұмыс күні ішінде қарсылық немесе қосымша материалдар ұсынуға құқылы. Тыңдау қорытындысы бойынша қызмет көрсетуші түпкілікті шешім қабылдайды: санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды береді немесе дәлелді бас тарту жібереді.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша кеңес алу үшін Бірыңғай байланыс орталығына 1414 және 8 800 080 7777 нөмірлері арқылы хабарласуға болады.
Мазмұнға өту
