Қоғам

2027 жылдан бастап жұмыссыздарға берілетін әлеуметтік төлем мерзімі өзгереді

Сурет: Egemen Qazaqstan

Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстан айырылуға байланысты әлеуметтік төлем тағайындаудың жаңа тәртібі қолданысқа енеді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Төлемнің ұзақтығы адам үшін қанша ай бойы әлеуметтік аударымдар төленгеніне қарай айқындалады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл өзгерістерді 2026 жылғы 9 қазандағы №398 бұйрықпен бекітті.

Жұмыс беруші қызметкер үшін әлеуметтік аударымдарды төлейді, ол қаражат Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жинақталады. Адам жұмысынан айырылған кезде осы қордан әлеуметтік төлем алады.

Жаңа ереже бойынша, егер адам үшін 6 айдан 12 айға дейін әлеуметтік аударым жасалса, төлем бір айға беріледі. Аударымдар 12 айдан 24 айға дейін жүргізілсе – екі ай, ал 24 ай және одан көп болса – үш ай мерзімге тағайындалады.

Төлем мөлшері жеті ең төменгі жалақының 45 пайызынан аспайды. Есептеу кезінде төлем алу құқығы туындаған күнгі ең төменгі жалақы мөлшері ескеріледі.

Әлеуметтік төлем құқық пайда болған күннен бастап тағайындалады, бұл ретте адамның кәсіптік оқудан өтуі назарға алынбайды. Жұмыссыз азамат оқу курстарына қатысса да, оған төленетін әлеуметтік төлем тоқтатылмайды.

Бұған дейін 2027 жылдың қаңтарынан бастап қазақстандық әйелдерге жұмыс істей отырып, бала бір жарым жасқа толғанға дейін күтіміне байланысты жәрдемақы алуға рұқсат берілетіні мәлім болған. Мұндай шектеу 2023 жылғы наурыздан бастап қолданыста болды.

Жәрдемақы алу үшін өтінішті тек бір рет беруге болады. Төлемнен бас тартып, жұмысқа шыққан әйелдер оны қайта рәсімдей алмайды.

Көп оқылғандар