Сурет: halyqstan
Күнбағыс майын шығаратын кәсіпорынның дайын өнім қоймасында ірі өрт тұтанды. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері мен басқа да жедел қызметтер келді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Өртті сөндірушілер бірден ауыздықтай алмады. Сондықтан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы теміржолшылардан көмек сұрады.
Арнайы өрт сөндіру пойызы шұғыл жөнелтілді. ТЖД қызметкерлері оның көмегімен өрт сөндіру автокөліктерінің цистерналарына су құйып, өртті оқшаулаған соң жарты сағаттан кейін толық сөндірді.
Ресми мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.
Өрт 800 шаршы метрді қамтыды. Оны сөндіруге 69 адам мен 21 техника жұмылдырылды. Қазір өрттің шығу себептері анықталуда.
Айта кетейік, Алматы облысы Қарасай ауданындағы Көксай ауылының маңындағы рұқсат етілмеген қоқыс полигонында өрт шыққан. Қызыл жалын шамамен 400 шаршы метр аумақты шарпыған.
