Шартарап

Мо Янь «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысушыларға үндеу жолдады

Сурет: ашық дереккөз

Әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты, қытай жазушысы Мо Янь «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына қатысушыларға үндеу жолдап, оқырмандарға шабыт пен табыс тіледі, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Жазушы бейнеүндеуінде «Сарымсақ жыры» кітабының қазақ тіліне аударылып, марафон аясында оқылатын шығармалар тізіміне енгенін атап өтті.

«Менің «Сарымсақ жыры» романымның қазақ тіліне аударылып, марафонның шығармалар тізіміне енгеніне өте қуаныштымын», деді Мо Янь.

Сонымен қатар жазушы Қазақстанға сапары мен қаламгерлермен кездесулері туралы әңгімеледі. Ол қазақ әдебиетімен танысу екі елдің әдеби дәстүрлері арасында ерекше жақындық барын сезінуге мүмкіндік бергенін айтты.

«Қазақ әдебиеті маған өте жақын әрі қымбат. Өйткені, сіздердің шығармаларыңызда суреттелетін өмірдің көп қыры өзімнің басымнан өткерген жағдайлармен үндеседі», деді жазушы.

Мо Янь «Кітап оқитын ұлт» бастамасының мәдениет пен қоғамды дамытудағы маңызын да ерекше атап өтті.

«Жалпы, кітап оқуға арналған осындай жалпыұлттық марафон ұйымдастырғандарыңыз өте жақсы. Бұл – ұлттық мәдениетті дамытуға ықпал етіп қана қоймай, қоғамның дамуына да елеулі үлес қосатын игі әрі ізгі іс», деді ол.

Марафонға қатысушыларға арнаған сөзінде жазушы оларға кітап әлеміне сапар барысында шабыт тіледі.

«Кітап әлеміне саяхат жасап, білім мен даналықтың биігіне ұмтылған әрбір қатысушыға зор шабыт тілеймін! Әрбір парақ жүректеріңізге жарық сыйлап, ішкі жан дүниелеріңізді байыта берсін. Кітап әрдайым қолдарыңыздан түспесін, ал білімге ұмтылыстарыңыз бен өзін-өзі дамыту жолындағы талпыныстарыңыз әрдайым жетістікпен жалғаса берсін!», деді жазушы.

Сөз соңында Мо Янь оқырмандарға алғысын білдіріп, оларды бірге жаңа әдеби көкжиектерді ашуға шақырды.

Мо Янь – әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты. Ол 2012 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығына ие болды.

Жазушының ең танымал шығармаларының қатарында «Қызыл гаолян» мен «Сарымсақ жыры» романдары бар. Нобель комитетінің мәліметіне қарағанда, оның шығармашылығында дәстүрлі қытай әдебиеті мен ауыз әдебиеті дәстүрлерінің элементтері заманауи әлеуметтік тақырыптармен ұштасады.

Осы күндері «Кітап оқитын ұлт» жобасына миллионнан астам оқырман қосылды. Конкурсқа қатысушылар байқаудың жеті бағытының бірін таңдап, тіркелгеннен кейін алты ай ішінде 15 кітап оқып, ұйымдар, аудандар, қалалар мен өңірлер деңгейінде өтетін бірнеше іріктеу кезеңіне қатысады. Өңірлік кезеңдегі сайыс командалық форматта ұйымдастырылады.

Көп оқылғандар