Жайық news

АЙМАҚ БАСШЫСЫ АҒАШ КӨШЕТТЕРІН ОТЫРҒЫЗДЫ  

Дүниежүзілік тазалық күніне орай облыс әкімі Нариман Төреғалиев Орал қаласының Солтүстік-Шығыс шағынауданындағы жаңа тынымбақта ағаш көшеттерін отырғызды. Экологиялық шараға мемлекеттік қызметшілер, еңбек ардагерлері мен жастар қатысты.

Тынымбақ аумағына 21 қайың мен 5 шырша көшеті егілді. Жасыл желекті одан әрі күтіп-баптау жұмыстары қалалық коммуналдық мекемелерге жүктелді.

Аймақ басшысы экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және табиғатты аялау әр азаматтың ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасындағы негізгі қағидаттардың еліміздің жаңа Конституциясында көрініс тапқанына тоқталды.

– Табиғатты қорғау – құр сөз емес, баршамыздың ортақ конституциялық борышымыз. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру, елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі жалғасады, – деді Нариман Төреғалиев.

Дүниежүзілік тазалық күні аясындағы жұмыстар облыстың барлық қала-аудандарында ұйымдастырылды. Жалпы сенбілікке 14 562 адам қатысып, 148 бірлік техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 459,3 тонна қоқыс шығарылып, 180 түп ағаш отырғызылды.

Аталған жұмыстар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып, елді мекендердің көркін арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.

БҚО әкімінің баспасөз қызметі

Көп оқылғандар