Басты тақырып

Тоқаев: Конституция көпұлтты жұрттың жаңа Жарғысына айналды

Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде әділетті Қазақстан туралы айтты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Президент біртұтас қоғам болып Әділетті Қазақстанды құру ісі қолға алынғанын, әділеттілік қағидаттары халық арасында дәріптеліп жатқанын атап өтті.

«Шын мәнінде, әділеттілік ең жоғары рухани құндылық десек дұрыс болады. Жаңа партияға «Әділет» атауын бердік», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, тарихи үрдістерге әділетті көзбен қарап, әділ баға беру қажет.

«Сондықтан Егемен Қазақстанның негізін қалауға, оның өте күрделі экономикалық жағдайда дамуына, еліміздің көптеген тарихи жетістікке қол жеткізуіне зор үлес қосқан Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімі ешқашан ұмытылмайды деп ойлаймын. Себебі, бұл – әділеттілікке сай келетін мәселе», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақта «Ынтымақ – мызғымас қорған» деген сөз бар екенін, біз болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлт екенімізді атап өтті. Татулық пен тұрақтылықтың арқасында сан түрлі сынақтан сүрінбей өткенімізді айтты.

«Ел игілігін еселеп, өркениетіміздің өрісін кеңейттік. Біртұтас ұлт ретінде түбегейлі өзгерістерді табысты жүзеге асырдық. Ең бастысы, халқымызға айнымас бағдар болатын қастерлі құжат – Конституциямызды біртұтас ел болып қабылдадық. Тұғырға қонған Конституция көпұлтты жұртымыздың жаңа Жарғысына айналды», деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Конституцияның әр қағидаты, әр тармағы ел мүддесіне қызмет етуге бағытталған. Еліміздің егемендігі, жеріміздің тұтастығы, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтары Конституцияға сәйкес басты құндылықтар деп танылды.

«Заң мен тәртіпті қамтамасыз ету, жалпыұлттық бірлікті бекемдеу мызғымас қағидат ретінде бекітілді. Білім мен ғылымды, инновацияны, жоғары технологияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті деп көрсетілді. Конституцияда Қазақстанның өткені мен бүгіні, сондай-ақ болашақтағы бейнесі айқындалды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Президент Республика күні қарсаңында ел дамуына үлес қосқан азаматтарды марапаттады.

Көп оқылғандар