Қоғам

Астанада бұрынғы әйелін өртемін деп қорқытқан ер адам сотталды

Сурет: ашық дереккөз

Астанада бұрынғы бірге тұрған әйелін өртеп жіберемін деп қорқытқан ер адам сот үкімімен жазаланды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.

Сот оған 60 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындап, мінез-құлқына бірқатар ерекше талап қойды. Оның ішінде жәбірленушіге жақындауға тыйым салу бар.

Оқиға қызғаныштан туындаған. Ер адам бұрынғы әйелінің жұмыс орнына жанғыш сұйықтық құйылған бөтелкемен келген. Ол әйелмен қарым-қатынасын қалпына келтіру мақсатында оны өртеп жіберемін деп қорқытып, кейін үстіне жанғыш сұйықтық құйып, өміріне нақты қауіп төндірген.

Сот отырысында мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдеді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

«Прокуратура азаматтарды қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда өз құқықтарын қорғау және ауыр зардаптардың алдын алу үшін дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге шақырады. Сонымен қатар азаматтардың өміріне, денсаулығына және қол сұғылмаушылығына қарсы жасалған кез келген әрекет, оның ішінде қорқыту мен қудалау заңда белгіленген қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын ескертеді», делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Алматыда әйелді көлігімен қуып, сыртқы пішіні қаруға ұқсас затпен қорқытқан ер адам ұсталды. Кейін оның ойыншық автомат екені анықталғанымен, ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Көп оқылғандар