Сурет: Жайық Пресс
Батыс Қазақстан облысында Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің көшпелі кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Жиынды комитет төрағасы Сархат Бейсенова басқарды. Отырыста облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің, Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалының және Орал обаға қарсы станциясының 2023–2025 жылдар мен 2026 жылдың тоғыз айындағы қызметін кешенді тексеру нәтижелері қаралды.
Кеңейтілген отырысқа жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, Ұлттық сараптама орталығының басшылығы, Орал обаға қарсы станциясының және аумақтық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау бөлімшелерінің басшылары қатысты.
Қатысушылар өңір тұрғындарының санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету, жұқпалы және аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, зертханалық қызметті жетілдіру, сондай-ақ бейінді ұйымдарды кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
Күн тәртібінің жеке тармағы жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау болды.
Сонымен қатар жиында денсаулық сақтау, білім беру, ветеринария және экология салаларындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері мен бірлескен жұмыстың нәтижелері талқыланды. Талқылау халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету міндеттерін шешуде мүдделі органдардың іс-қимылдарының үйлесімділігін арттыруға бағытталды.
Отырыс қорытындысы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тиімділігін арттыруға, анықталған проблемаларды жоюға және ведомстволық ұйымдардың жұмысын жетілдіруге бағытталған одан әрі міндеттер айқындалды.
Мазмұнға өту
