Сурет: ІІМ
Астанада 20–22 қараша аралығында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істейді, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Елорда полиция департаментінің мәліметінше, қалада «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Үш күндік шара барысында құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қылмыстардың жолын кесуге және іздеуде жүрген адамдарды анықтауға баса назар аударылады.
«Үш күнге жоспарланған профилактикалық шара барысында елордалық полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жолын кесуге басымдық береді. Атап айтқанда қоғамдық орындар мен көшелерде патрульдеу жұмыстары күшейтіліп, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін заңсыз әрекеттерге ерекше назарға алынады», делінген хабарламада.
Ведомство қала тұрғындарын заң талаптарын сақтауға, күдікті жағдайлар мен құқық бұзушылықтар туралы полицияға хабарлауға шақырды.
Еске сала кетейік, 5 қазан мен 5 қараша аралығында 3,5 мыңнан астам тұрақты тұрғылықты жері жоқ адам полиция бөлімшелеріне жеткізіліп, жауапқа тартылды.
Мазмұнға өту
