Сурет: instagram/ringmagazine
Даниялық боксшы Якоб Банк (20-0, 11 KO) тыйым салынған препараттарды қолдануы мүмкін деген күдік туды, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ресейлік «Лаборатория бокса» YouTube арнасының авторы Якоб Банктің физикалық дайындығына күмән келтіріп, оның тыйым салынған препараттарды қолдануы ықтимал екенін айтты.
«Меніңше, ол фармакологияны қолданады. Оның үстіне, күшті препараттар пайдаланатын сияқты. Нағыз «жыртқыш» секілді. Егер оны тиісті деңгейде допинг-тесттен өткізсе, бұрынғы қалпынан айырылады. Бұл – менің жеке пікірім», деді арна авторы.
Sports.kz мәліметінше, 2027 жылғы 23 қаңтарда Данияның Хорсенс қаласында Якоб Банк қазақстандық Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 KO) жұдырықтасады. Бұл кездесуде орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша бос тұрған әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.
Еске салайық, Жәнібек Әлімханұлы 2025 жылдың қараша айында допинг-сынамасынан мельдоний анықталғаннан кейін бір жылға жарыстардан шеттетілген болатын. Соған байланысты оның WBA чемпионы Эрисланди Ларамен біріктіру жекпе-жегі өтпей қалды. Кейін боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында үш салмақ дәрежесінде чемпион болуға дайындалып жатқанын жазған еді. Қазақстандық боксшы соңғы жекпе-жегін 2025 жылдың сәуірінде өткізген.
Мазмұнға өту
