Спорт

Роналду мансабындағы 986-голын соқты

Сурет: instagram.com/alnassr

Криштиану Роналду мансабындағы 986-голын соқты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі. Енді оған 1000 гол межесіне жету үшін 14 доп қана қажет.

Португалия құрамасының ресми парақшасы шабуылшының бұл жетістігіне ерекше назар аударды.

«986 гол артта қалды. Тағы 14 гол қалды», деп жазды ұлттық құрама X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Кезекті голын Роналду Сауд Арабиясы чемпионатының тоғызыншы турында «Әл-Ахли» командасына қарсы кездесуде соқты. Алайда «Әл-Наср» сапында алаңға шыққан шабуылшының нәтижелі ойыны командасына жеңіс әкелмеді. Жидда қаласында өткен матч 1:3 есебімен аяқталды.

Қазір португалиялық футболшының клубтық мансабындағы гол саны – 840. Ал ұлттық құрама сапында 146 рет мергендік танытқан. Осылайша, Роналду футбол тарихындағы мың голдық межеге жақындай түсті.

Еске сала кетейік, Криштиану Роналду Сауд Арабиясы чемпионатының алғашқы турында гол соғып, қатарынан 25 маусымда гол соққан алғашқы ойыншы атанды.

Бұған дейін Роналду әлеуметтік желідегі парақшасында ұлттық құрамадағы мансабын аяқтағанын мәлімдеген еді.

Көп оқылғандар