Сурет: Egemen Qazaqstan
Чилидің Клоина қаласында өтіп жатқан халықаралық теннис турнирінде Жібек Құламбаева жартылай финалға шықты, деп хабарлайды Zhaiyqmedia.kz ақпарат агенттігі.
Ол словениялық Вероника Эрьявецпен жұптасып, ширек финалда түркиялық Ипек Өз бен грекиялық Деспина Папамихаил жұбын 6:0, 6:2 есебімен ұтты.
Алматыда гандболдан әйелдер арасындағы Азия чемпионаты басталады. Он күнге созылатын бұл додада үздік төрттікке енген құрамалар келесі жылы Мажарстанда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады. Қазақстан құрамасы В тобында Оңтүстік Корея, Үндістан, Аустралия және Өзбекстан командаларымен кездеседі. А тобында Жапония, Иран, Қытай, Гонконг, Таиланд құрамалары өзара күш сынасады. Ұлттық құрама алғашқы ойынын Аустралияға қарсы өткізеді.
Астанада бокстан 19 жасқа дейінгі жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты жалғасуда. Ширек финалға ең көп жолдаманы Шымкент (11) пен Алматы (10) боксшылары иеленді. Одан кейін Астана мен Шығыс Қазақстан облысы (8), Жамбыл (7), Қарағанды (6), Маңғыстау мен Түркістан (5), Ақмола мен Алматы (4), Абай мен Ақтөбе (3), Атырау мен Жетісу (2) облыстарының өкілдері тұр. Қостанай мен Қызылорда облыстарынан бір-бір боксшы ғана ширек финалға өтті.
Бүгін Түркияның Ыстанбұл қаласында үстел теннисінен жастар арасындағы әлем чемпионаты басталады. Отандасымыз Алан Құрманғалиев жекелей және жұптық сайыстарда бақ сынайды. Ол ерлер жұбында ирандық Беньямин Фараджимен, аралас жұпта мысырлық Хана Годамен бірге өнер көрсетеді. 15 және 19 жас санаттары бойынша өтетін әлем біріншілігіне 50 елдің теннисшілері қатысады.
Өзбекстанның Ташкент қаласында өтіп жатқан дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатында балуандарымыз әзірге жүлдеге қол жеткізе алмады. Жарыстың екінші күні татамиге шыққан алты спортшымыз да жеңіліс тапты. 81 кг салмақта Досбол Балғабай 1/8 финалда қытайлық Ши Чжэньюге есе жіберсе, Омар Нұрбергенов алғашқы белдесуінде польшалық Шимон Шуликке жол берді. 73 кг салмақта Мұхамедәли Закиров жапониялық Юра Екодан жеңілді. Қыздар арасында Айдана Әбиханова (63 кг) ширек финалға шығар жолда үндістандық Чанамбам Линтхойға есе жіберді. Осы салмақтағы Дәмелі Асылханова словениялық Лейла Мазузиден өте алмады. Ал 70 кг салмақта Шынар Бітімбай алғашқы айналымда нидерландтық Луна де Коктан жеңілді.
Мазмұнға өту
